Мектеп тарихы

Гурьев облысы Шевченко  қалалық халық депутаттары Кеңесінің атқару комитетінің 19.04.1990 ж. қабылданған № 269 шешімімен 1990 ж. шілденің 1 інен №21 қазақ орта мектебі ашылды. Бұл шешім бойынша мектеп оқу жылын 945 оқушымен бастайды деп көрсетілген. «Баланың саны көбейе-көбейе 2000 нан асқан кездері болды.  1997 жылы жалпы орта білім беру мәселесін реттеу мақсатында шығарған қалалық оқу бөлімінің бұйрығы бойынша 13 шағынауданның тұрғынүйлерін екі мектепке бөліп тапсырған: № 21 орта мектепке 1-25 үйлерді, № 17 орта мектепке - 25 тен жоғары нөмірлі үйлерді.  Оқушылар саны жылма – жыл тұрақты өсіп отырды. Сөйтіп өсе-өсе келіп, 1997 – 98 оқу жылының басында 2100 ге жетіп, мектепке симайтын болды. Сол уақыттағы жартылай бос тұрған көршілес  № 17 орыс орта мектебін пайдалануға тура келді. 

Ұжымның негізгі құрамы № 13,  № 17 мектептерден оқушыларымен бірге келген мұғалімдер болды. Сосын көптеген мұғалім Қызылтөбедегі № 18 орта мектептен келді. Сөйтіп, жан-жақтан шақырып жинаған мұғалімдердің саны 80 ге жетті. Олардың ішіндегі жартысына жуығы жас кадрлар болды, және өнерлі де белсенді кадрлар көп болды. Ең басынан бастап, аянбай кез келген жұмыста белсенділік көрсетіп, ұжымды өрге сүйреген  сол кездегі жастар Аталықов Қалыбай, Қоңыратбаев Мұратбек, Мошанов Қасым, Сатанбаева Ақтөре, Шынжырбекова Гүлзира, Шудабаева Сәуле, Байболатова Әсемхан, Қартбаева  Динара, тағы басқалар мектептің абыройын асырып, туын жоғары ұстады. 

Мектептің мектеп болып қалыптасуына көп еңбек еткен Ізекеңді атай кетпей болмайды. Ізтұрған Қаржаубаев көп жылдар бойы қаланың мектептерінде завуч /директордың орынбасары/ болып істеген, тәжірибесі мол, жұмысына алғыр, оқушылардың да, оқытушылардың да тәртібіне қатаң қарайтын әділетті, талапкер аға еді».  Мектеп тарихында «Алтын Белгімен» бітірген түлектер биыл  10-ға жетті.  2016 ж орта білім беретін ұйымдар арасында   үздік деп танылып, «Бас жүлде» иеленді.  Республика бойынша  «Білім саласындағы 100  көшбасшы» «Лидер в образовании  ТОР 100»  «Алтын рейтинг»  қатарынан көрінді.